Әйелдерге арналған тегін оқыту жобасы
Азия даму банкінің қолдауымен «Атамекен» ҚР ҰКП Іскер әйелдер кеңесі 2019 жылдан бастап «Ауылды аймақтардағы әйелдер кәсіпкерлігі» атты оқыту жобасы жүргізілуде.
Оқыту жобасының мақсаты - ауылды аймақтарда әйелдер кәсіпкерлігін дамыту, қаржыландыру қолжетімділігін арттыру, әйелдер кәсіпкерлігін бизнеспен айналысуға ынталандыру, экономика саласында гендерлік теңдікті арттыру және ауылды аймақтарда әйелдерді жұмыспен қамтамасыз ету.
Ауылда тұратын нәзік жандыларға арналған екі күндік семинарлар аясында халықаралық ұйымдар мен даму институттарының өкілдері және инвесторлармен B2B форматында кездесулер мен оқыту тренингі ұымдастырылуда.
Ауылдағы әйелдердің әлеуметтік мәселелерін шешу, шағын және орта бизнестің қаржылай және қаржылай емес қолдау құралдарын талқылау, бизнесті дамытудың мемлекеттік бағдарламалары, іскерлік бастамаларды жүзеге асыруға мүмкіндік беретін халықаралық ұйымдардың грант беру бағдарламалары сияқты басты тақырыптар талқыланып отырады.
Оқыту семинарлары аясында бизнес негіздері және қаржыландыруға қол жеткізуге қатысты тақырыптық тренингтер өткізіледі. Тренингте «бастапқы капиталды қайдан алу керек?», «банкте несие немесе грантты қалай алуға болады?», «жеке кәсіпті дамыту және тауар өтткізуге қажетті жаңа нарықты қалай табуға болады?», «интернет арқылы бизнесті қалай жүргізу керек?» сияқты сұрақтарға жауап ұсынылады.
2019 жылы тегін семинарлар еліміздің 8 аймағында өткен. Олар: Жамбыл, Алматы, ШҚО, Маңғыстау, Ақмола, СҚО, Түркістан облыстары мен Шымкент қаласы. Өткен жылдың нәтижесін қорытындыласақ, оқыту жобасына 410-нан астам ауылдағы қыз-келіншек қатысқан.
2020 жылдың басынан бастап семинарлар Батыс Қазақстан мен Атырау, Қпарағанды облыстарында ұйымдастырылды. Оларға 100-ден аса іскер әйел қатысты. Қалған өңірлерде семинарлар 2020 жылдың мамырына дейін өтеді.