Ақтөбедегі тігін фабрикасы блок бекеттердегі қызметкерлерге қорғаныс киімдерін тегін ұсынған

2020-04-22 08:33:00

ҚР Жеңіл өнеркәсіп кәсіпорындары қауымдастығы #МейірімділікЭстафетасы акциясына қолдау танытуда. Акцияның ұйымдастырушылары «Атамекен» ҰКП Іскер әйелдер кеңесі мен Тұрақты даму және әйелдер кәсіпкерлігін қолдау қоры. Қайырымдылық акциясы аясында Қауымдастық төралқасының мүшесі, Ақтөбедегі «Глобал-Спецодежда» ЖШС басшысы блок бекеттегі қызметкерлерін қорғаныс заттарымен, атап айтсақ 1 млн 400 мың теңге көлемінде арнайы киім, бас киім, қорғаныс маскасын және аяқ киіммен қамтамасыз еткен. Арнайы киім, бас киім және қорғаныс  маскасы фабриканың өзі шығаратын өнімдер.

"Бізге облыстық әкімдік және маслихаттан  блок бекеттерде тексеру жүргізетін  қызметкерлерге арнайы жылы киім, бас киім және маска сатып алуға коммерциялық ұсыныс жіберіңіз деген ұсыныс келді.  Ұжыммен келісе отырып, бекетте тұрған қызметкерлерге бұл киімдер мен заттарды тегін беру туралы  бірден шешім қабылдадық. Бұл біздің қауіпсіздігімізді ойлап, өз денсаулығын қауіпке салып, бекетте тұрған қызметкерлерге танытқан алғысымыз. Бұл игі іске қалған кәсіпкерлер де қолдау танытатынына сенімдіміз», - дейді «Глобал-Спецодежда» ЖШС басшысы, Іскер әйелдер кеңесінің белсенді мүшесі Надежда Шабаева.

Осыған дейін Ақтөбе қаласындағы акцияның аясында компания медицина қызметкерлері мен волонтерлерге 600 медициналық қалпақ, 500 маска, 100 қорғаныс комбинизоны, 200 қорғаныс көзілдірігі, 100 медициналық халат, сондай-ақ кір сабын мен орамал ұсынған. Ол жолы компания коронавируспен күреске 1 500 000 теңге қаражат бөлген еді.

Сондай-ақ ақтөбелік фабрика  елдегі шахтерлер, металлургтер, энергетика саласының қызметкерлері мен көлік саласындағы жұмысшыларға 200-ден аса көп реттік қолданысқа жарамды маска тігуді қолға алған.

«Глобал-Спецодежда» компаниясы ERG құрамындағы «Қазхром» акционерлік қоғамының ірі көлемдегі тапсырысын орындамақшы. Осылайша ірі компанияның 19 мың қызметкеріне маска тігуді қолға алған. Сондай-ақ отандық тауар өндіруші ERG компаниясының Қазақстандағы барлық тау-кен және металлургия компанияларын көп реттік қолданыстағы маскамен қамтамасыз етпек.

Бір реттік қолданысқа жарамды маскаға деген сұраныстың артуына байланысты оның Қазақстандағы бағасы соңғы айларда бірнеше мәрте өсті. «Қазхромда» 19 мың адам қызмет ететінін ескерсек, оның үстіне бір реттік масканы әр қызметкер әр екі сағатта ауыстырып отыратынын ойласақ, маскаға деген сұраныстың аса жоғары екені анық.

 Бұл мәселені шешу үшін «Қазхром» бірден отандық тауар өнідрушіге ұсыныс жасап, ақтөбелік «Глобал-Спецодежда» ЖШС қолдауды жөн санаған. Компания ERG кәсіпорындарына осыған дейін де арнайы киім жеткізушінің бірі, ал төтенше жағдай кезінде «Қазхромның» сұранысына байланысты фабрика өзінің шығаратын өнім түрін арттырмақ.

"Сынама тауар дайын болғаннан соң ERG басшылығы Қазақстан  бойынша мыңдаған жұмысшысы бар кәсіпорындардың барлық қызметкерлерін маскамен қамтамасыз ету үшін  «Глобал-Спецодежда» компаниясына тапсырыс беру туралы шешім қабылдады. Бұл әр қызметкерге екі маскадан, 200 мыңнан аса данада маска деген сөз», - деп атап өтті «Қазхром» АҚ сатып алу басқармасының басшысы Игорь Филиппенко.

Қазір «Қазхром» акционерлік қоғамы COVID-19 таралуының алдын алу шараларын қатаң сақтай отырып, төтенше жағдай режимінде жұмыс жасауда.

Тексеру бекеттерінде қолданылатын дене қызуын өлшейтін 16  арнайы құрылғы, 1100 обаға қарсы арнайы сақтық киімі және көзілдірікті чартерлік рейс арқылы шұғыл түрде жеткізген. «Қазхром» АҚ қарасты барлық кәсіпорындарға қажетті жеке сақтық заттары мен медициналық жабдықтарды алуға 900 млн теңге қаражат бөлген.

Источник: atameken.kz