Бірлесе көтерген жүк жеңіл: Батыс Қазақстан облысындағы іскер ханымдардың игілігі

2020-04-06 08:28:00

Батыс Қазақстан облысындағы іскер ханымдар  коронавирустың салдарымен күреске алғашқы күннен кіріскен. Төтенше жағдай  режиміне және бизнеске түскен қиындыққа қарамастан кәсіптегі келіншектер бұл жүкті көтеруге өздері бастама көтерген. Бұл әрине «бірлесе көтерген жүк жеңіл» дегенді көрсетіп отырған үлкен жауапкершілік екені сөзсіз.

Сақтықта қорлық жоқ

«Атамекен» ҚР ҰКП өңірлік Іскер әйелдер кеңесінің мүшелері  COVID-19 індетінің таралуына тосқауыл жасау жұмысына бірінші күннен-ақ кірісті.  Ең алдымен Батыс Қазақстан облысының Іскер әйелдер кеңесі құрамындағы кәсіптегі ханымдар Орал қаласында адам көп жиналатын орын - № 2 Халыққа қызмет көрсету орталығының ішіне дезинфекция жасауды қолға алды. Ал оны қажетті дәрежеде сапалы жүргізу үшін өндірісте қолданылатын жоғары қысымды шаң сорғыш пен салқын тұман шығаратын генератор жеткізілген. Дезинфекция орталықта апта бойы, мекеме жұмысы онлайн режимге көшкенге дейін жүргізіліп отырған.

Онымен қоса Халыққа қызмет көрсету орталығының қызметкерлеріне  бір айға жетерлік антисептикалық сұйықтық пен көп реттік қолданысқа жарамды медициналық маскаларды орталық қызметкерлеріне ұсынған.

«Масканы іскер ханымдар Зульфия Оразғалиева мен Асылай Мұханбетжанова  өздері тігіп ұсынып отыр. Қазір бұл ең сұранысы жоғары тауар, бұл маскаларды төтенше жағдай мерзімі аяқталғанша қолдануға болады. Бұл көп реттік қолдануға жарайтын маскалар, жуып, үтіктеп қайта қолданса болады»,- дейді ІӘК «Сұлулық пен денсаулық» комитетінің төрайымы, дезинфектор, «КазСанАудит» ЖШС директоры Динара Қазиева.

Онымен қоса, Валентина Михно басшылық жасайтын "СКФ Отделстрой" компаниясы дезинфекция жасауға қажетті заттарды сатып алуға  160 мың теңге бөлген, ал 1 миллин теңгені қолдау қорына аударған және 100 мың теңгені кардиология орталығының қажеттілігіне жіберген.

Іскер әйелдер кеңесінің өнеркәсіп комитетінің тігіншілері күнделікті жұмысын кейінге шегеріп, жаппай маска тігуге көшкен. Медициналық бетпердені үйден тігіп, тегін таратуда не болмаса төмен бағада сатуда.

Өңірлік іскер әйелдер кеңесінің мүшесі Жарқынай Еселбаева акция жасау туралы бастама көтерген кәсіпкердің бірі. Осылайша, бір топ волонтер қалалық қоғамдық көліктер жиналатын соңғы аялдамаға барып автобус жүргізушілері мен кондукторларға масканы тегін таратқан.

Кәсіпкер Нұргүл Кенжеғалиева өз кәсіпорнында маска тігу ісін қолға алған. Фабриканың жұмысшылары бір маусымда 5000-ға дейін бұйым тігеді.   Бұл қуаттылығы күніне 100 жиынтық арнайы қорғану киімін тігетін цех. Кәсіпорын жұмысшыларының айтуынша, тапсырыс жеткілікті.

«Евенеева» ЖШС басшысы, Іскер әйелдер кеңесінің мүшесі Балзия Евенеева облыстық көп салалы ауруханаға көмек көрсеткен. 2 мың дана система және 1000 масканы өз атынан ұсынған. Іскер әйелдер кеңесінің мүшесі Лилия Хайруллина «Нұр Отан»  ұйымдастырған қолдау аясында аз қамтылған және көп балалы отбасыларға азық-түлік жеткізген.  

Ал Іскер әйелдер кеңесінің төрайымы Ляна Тұрсынова кардио орталыққа 1 мың маска және 3 мың система берген.  Бір сөзбен айтқанда, Оралда күніне 18 мың маска шығарылса, соның жартысы Батыс Қазақстан облысының Іскер әйелдер кеңесі мүшелерінің еңбегінің жемісі.

Сонымен қоса, Іскер әйелдер кеңесі уақытша жұмыссыз қалған қыз-келіншектерді де жұмысқа тартуда. Осылайша 30-дан аса қыз-келіншек тігінші қатарында жұмысқа кіріскен.  

Балық емес, қармақ ұсыну

Теректі, Ақжайық, Тасқала, Қазталов, Бәйтерек аудандарындағы кәсіптегі ханымдар да бұл іске атсалысуда. Волонтерлер көмекке мұқтаж отбасыларды анықтаса, ал іскер ханымдар сол отбасыларға азық-түлік пен антисептикалық заттарды жеткізіп беруде.

Сонымен бірге іскер әйелдер аудандағы көп балалы аналарға киім тігуді үйрететін тегін курстар жүргізуде. Алдағы уақытта бұл көп балалы аналардың  балаларына өз қолынан киім тігіп, тапсырыс алса табыс табуына мүмкіндік болмақ. 

Қазіргі уақытта «Атамекен» ҚР ҰКП өңірлік  Іскер әйелдер кеңесі жергілікті бизнестің және халықтың айтқан мәселелерін жинап, диалог алаңдарында осы мәселелерді қозғауда. Жақында облыстық маслихаттың сессиясында Іскер әйелдер кеңесі жанындағы өнеркәсіп комитетінің төрайымы Дина Галиметденова  қашықтан жұмыс істей алмайтын коммуналдық кәсіпорындардың жұмысшыларын жеке қорғаныс заттарымен шұғыл әрі тұрақты түрде қамтамасыз етіп отыру мәселесін көтерген болатын.

Баланың бөтені жоқ

БҚО Іскер әйелдер кеңесінің төрайымы Ляна Тұрсынова аз қамтылған отбасының балаларына қолдау көрсетіп, қажетті азық-түлікті әр отбасына жеткізіп берді.

№ 24 мектепте 2300 бала білім алуда, оның ішінде 37 бала әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасынан. Оларға қолдау көрсетіп, 50 және 25 келідегі қапта қант, ұн, қара құмық, күріш және ұнтақ жарма, макарон өнімдерін, сондай-ақ 15 литр сұйық май және 2 қаптама хлор сатып алып берген.

«Азық-түлік пен дезинфекцияға қажетті заттар көмекке аса мұқтаж отбасыларға беріледі.  Біз әр отбасына жеткізіп береміз. Осындай көмек беріп жатқан іскер әйелдерге айтар алғысымыз шексіз», - деп мектеп директоры Қатима Мергенева алғысын жеткізді.  

Осындай сомада және көлемдегі азық-түлік № 42 «Ақниет» гимназиясына да жеткізілді. Гимназияда 2 мыңнан аса оқушы білім алады. 76 бала аз қамтылған отбасынан.

«Барлық тауарды тізім бойынша бөлеміз. Балаларға әрдайым көмек көрсетіледі, алайда төтенше жағдай кезінде бұл алғашқы бастама. Балаларға қамқорлықты әйелдер бастағаны үлгі боларлық іс»,- деп № 42 мектеп директоры Ерік Темірғалиев ағынан жарылды.    

Батыс Қазақстан облысы Іскер әйелдер кеңесінің төрайымы Ляна Тұрсынованың айтуынша, мұндай көмек әлі де жалғаса бермек. Қажеттілігіне қарай дәл осындай көмекті қаладағы бақса да мектептердегі балаларға ұсынуға дайын екенін айтты.  

Бұл бастаманы корейлік косметика дүкенінің иесі, іскер ханым Светлана Павлова да қолдап отыр. Алайда карантинге байланысты сауда орындары қазір жабылған.

«Нағыз қолдау танытып, қасыңдағы көмекке мұқтаж адамға қол ұшын беретін кез осы. Қазіргі жағдайдың қиындығын, адамдардың уақытша жұмыссыз қалып отырғаны, азық-түлік алатын жағдайы да болмай отырғанын жақсы түсінемін. Ең бастысы, бұл ауыртпалық балаларға түспеуі керек. Сондықтан да көмек көрсетуге бел будым. Аса қажетті тауарлар мектеп басшылығы арқылы көмекке мұқтаж отбасыларына бөліп беріледі», - дейді Светлана Павлова.  

№ 25 қалалық мектепте қазір 1088 бала оқиды. Оның ішінде 85 бала көп балалы және көмекке мұқтаж отбасынан. Азық-түлікті мектеп әкімшілігі өздері ұйымдастырмақ.

Іскер әйелдер онымен қоса БҚО Қазақстан халқы ассамблеясы ұйымдастырған «Қайырымдылық керуені» жобасына да қатысуда. Жалпы Іскер әйелдер кеңесінің құрамындағы бизнес ханымдар көмекке мұқтаж жандарға әрі қарай да қол ұшын созуға дайын екенін айтуда.