#МейірімділікЭстафетасы: Бизнестің шексіз қолдауы

2020-04-23 16:28:00

Тұрақты даму және әйелдер кәсіпкерлігін қолдау қоры мен «Атамекен» ҚР ҰКП Іскер әйелдер кеңесі бірлесіп өткізіп жатқан #МейірімділікЭстафетасы акциясы ел ауқымында жалғасуда.

Бұл басатамаға Қазақстанның барлық өңіріндегі Іскер әйелдер кеңесінің мүшелері, кәсіпте жүрген ханымдар өз үлесін қосуда.

Қостанай облысындағы іскер ханымдар қазіргі уақытта ең қажетті болып отырған санитарлық өңдеу жүргізу заттары мен 450 дана медицина маскасын, онымен қоса 40 мың теңе ақшалай көмекті  мүгедек балалармен жұмыс істейтін «Перекресток»  қорына табыстады. Іскер әйелдер кеңесінің бастамасымен Рудный, Лисаковск қалалары және Денисовск ауданында тұратын бірнеше аз қамтылған отбасына 20 азық-түлік қоржынын жеткізген.

Игі істе Ақтөбе облысының Іскер әйелдер кеңесінің мүшесі, «Глобал-Спецодежда» ЖШС  басшысы Надежда Шабаева да атсалысуда. Кәсіпорын басшысы өз ұжымымен бірлесіп 1,3 миллион теңге сомадағы жеке қорғаныс заттарын өңірдегі медицина қызметкерлеріне табыстаған. Бұл  қайырымдылық акция аясында жасап отырған игі істің тек жалғасы ғана. Осыған дейін ақтөбелік компания өндірісті төтенше жағдайға бейімдеп, медицина қызметкерлеріне, блок бекеттерге қазір ең қажетті қорғаныс киімдері мен ауруханаға қажетті заттарды жеткізген болатын. «Глобал» маска шығаруға көшті

Маңғыстау облысының Іскер әйелдер кеңесі және «Маңғыстау облысының киім дизайнерлері одағы» қауымдастығымен бірлесіп Ақтау қаласындағы қарттар үйіне 200 медициналық бептерде табыстаған. Онымен қоса қала мен оның маңындағы елді мекендерде жалғыз тұратын  қарт кісілерді де, мүмкіндігі шектеулі жандарды да қолдаусыз қалдырмаған. Оларға 200 маска және 50 азық-түлік қоржынын жинап, жеткізіп берген. Осыған дейін Маңғыстау облысының Іскер әйелдер кеңесінің ханымдары мен жанашыр кәсіпкерлер 2,5 мың көп реттік қолдануға жарамды маска тігіп, қарттар мен жүкті келіншектерге тегін таратқан болатын. Маңғыстауда қарттар мен жүкті келіншектерге маска тегін берілуде.

Қарағандының Іскер әйелдер кеңесі де қайырымды істі жалғастыруда. «ГросФарм» ЖШС бірлесіп іскер ханымдар «Жан Дос» мүгедектер қоғамдық бірлесітігіне көмек көрсеткен. Азық-түлік жиынтығымен қоса жеке қорғаныс заттарын, оның ішінде антисептикалық сұйықтық пен медициналық масканы  көмекке мұқтаж обтасыларға тегін табыстаған. 

Акцияға Батыс Қазақстан облысының Іскер әйелдер кеңесі төтенше жағдай жарияланған алғашқы күннен белсенді атсалысуда. Ендігі кезекте іскер ханымдар тегін маска таратып, азық-түлік жеткізумен шектелмей, әлеуметтік желіде тегін тренингтер өткізбекші. Үйде отырып бизнеспен айналысу жолын қарапайым  тәжірибе  арқылы түсіндіруді жоспарлап отыр. Сондай-ақ онлайн тренингте мемлекеттік қолдау шаралары туралы және оны қалай алу жолдары жайында ақпаратпен бөліспек.

Ал Алматы облысының Іскер әйелдер кеңесі «Біз біргеміз» республикалық акциясы аясында азық-түлік, тұрмысқа аса қажетті тауарлар жиынтығын, респираторлық маскадан тұратын жиынтық әзірлеген.  Бұл көмек өңірдегі Сарқан ауданында тұратын көп балалы отбасы мен мүгедек жандарға жеткізілген.

Шымкентте #МейірімділікЭстафетасы акциясы және «Мейірімді жүрек» жобасына 30-дан аса компания мен кәсіпкер атсалысуда. 165 мың теңге көлемінде қайырымдылық көмек көрсетілген. Бес тігінші  1000 масканы тегін үлестірген, ал оған қажетті 120 метрлік матаны Azala textil ЖШС ұсынған.

«Асыл Арман» компаниясы иммундық жүйені көтеретін денсаулыққа қажетті заттарды төмен бағада алуға көмектескен, олардың басым бөлігін компания тегін ұсынған.

Сондай-ақ шымкенттік кәсіпкерлер Аналар үйі және мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған оңалту орталығына қажетті заттарды алуға жәрдемдескен. Аз қамтылған отбасы, Ұлы отан соғысының ардагерлеріне де көмек көрсетілген. Дәрігерлер мен блок бекеттердегі қызметкерлерге 100-ден аса маска жеткізген.  

Жамбыл облысының Іскер әйелдер кеңесі акцияны екінші мәрте қолдауда. Осыған дейін іскер ханымдар өңірдегі дәрігерлер мен емханаға келген азаматтарға тегін маска үлестірген болатын.

Естеріңізге салсақ, #МейірімділікЭстафетасы акциясы Тұрақты даму және әйелдер кәсіпкерлігін дамыту қоры және «Атамекен» ҚР ҰКП Іскер әйелдер кеңесінің ұйымдастыруымен өтуде. Акцияның мақсаты – еліміздің өңірлерінде пациенттер мен дәрігерлерді, сондай-ақ көмекке мұқтаж жандарды медицианлық маскамен қамтамасыз ету.