Қазақстанда гендерлік бастамалардың бірыңғай базасы құрылады

2020-06-01 05:58:00

Халықаралық ұйымдар мен қаржы институттарының өкілдері Қазақстан Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның жұмысына қосылады деп хабарлайды inbusiness.kz

Жаңартылған сараптама тобының құрамына кіру ұсынысын әйелдер істері жөніндегі ұлттық комиссияның төрайымы Лаззат Рамазанова онлайн-кеңес барысында айтты. Оған ЕО, Дүниежүзілік банк, ЕҚДБ, АДБ, "БҰҰ-әйелдер" құрылымы, ЕҚЫҰ, БҰҰДБ, ЮНИСЕФ және ЮНФПА өкілдері қатысты.

Сараптамалық топ негізгі үш бағыт бойынша жұмыс істейтін болады: отбасы саясаты, гендерлік саясат және тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу. Бұл ретте жүйелі шаралар республикалық деңгейде, ал жобалық шаралар – өңірлер арасында үздік тәжірибені беруді қамтамасыз ете отырып, облыстық деңгейде іске асырылатын болады.

"Біз Қазақстанда гендерлік компонентті іске асыратын халықаралық ұйымдар мен даму институттарының күш-жігерін арттыруды көздеп отырмыз. Қазіргі уақытта Ұлттық комиссия сараптама тобын жаңартуға кірісті. Осыған байланысты біз сіздерді оның жұмысына белсенді қатысуға шақырамыз. Қиын экономикалық жағдайларда бұл тиімді шараларды бірлесіп жүзеге асыру әсерлі болады", – деді Лаззат Рамазанова.

Кездесуге қатысушылар өз тарапынан гендерлік теңдік, әйелдер мен балалардың мәселелерін шешуге бағытталған жобалар туралы тілге тиек етті. Лаззат Рамазанова жақын арада халықаралық және донорлық ұйымдар қатысатын жобалардың бірыңғай базасы құрылатынын атап өтті.

Сондай-ақ, Лаззат Рамазанова БҰҰ Әйелдерге қатысты кемсітушілікті жою жөніндегі комитетінің ұсынымдарына негізделген ұлттық комиссияның жоспарларына назар аударды.

"Егер сіз осы бағыттардағы күш-жігерімізді қолдап, жоспарларымызды осы жылдан бастап жұмыс бағдарламаларына енгізсеңіз, барлық халықаралық ұйымдарға ризашылығымызды білдіретін боламыз. Біз әрқайсысымен өзара байланыса отырып, барынша қолдау көрсетуге дайынбыз", - деп атап өтті Лаззат Рамазанова.