БАСТЫСЫ, БАЛАНЫҢ БАҚЫТТЫ БОЛҒАНЫ

2020-06-02 06:15:00

Халықаралық балаларды қорғау күніне орай іскер ханымдар бүлдіршіндерге ерекше сыйлық жасады

Халықаралық балаларды қорғау күні ауыл балалары үшін ерекше өтті. Мұндай жарқын мерекені Маңғысьтау облысы Іскер әйелдер кеңесіндегі бизнес ханымдар ұйымдастырды. 

Маңғыстау облысының Іскер әйелдер кеңесіндегі ханымдар балалар үйіне арнайы сыйлық жасады. Оқуға арналған кішігірім партаға айналатын  трансформер орындықтар, электронды термометр, жаялықтар, әдемі перде тігуге жарарлық маталар,  тағы да балалар үйіне қажетті заттарды тарту етті. Сый-сипат тәтті тағамсыз болмасы анық, ол жағы да қалыс қалмағаны анық.   

Қазір балалар үйінде 29 бала тәрбиеленіп жатыр. Оның  үшеуі - бір жастан кіші сәби, қалғандары - бір жастан  5 жасқа дейінгі бүлдіршіндер. Іскер ханымдардың айтуынша, балалар үйінің директоры Сара Ермұханованың  аялы алақанының арқасында балалардың жағдайы барынша жасалған. 

 

 

«Әрине, балаларға ата-ананың жылулығы ауадай қажет. Балалар алдымыздан шығып, бірден құшақтаса бастады... Оны көріп тұрып, барынша мейіріміңді беруге тырысасың. Балаларды қуантқымыз келді. Мерекеге орай балалар үйінде Марсель атты сәбидің тұсауын кестік. Кішкентай Марсель алғашқы қадамын мереке күні  басты! Балақайдың жолы ашық болсын деп тілейміз», - деп ағынан жарылды «Атамекен» өңірлік іскер әйелдер кеңесінің төрайымы Сәуле Салихова.

 

 

Әдеттегідей, қайырымдылық акциясына Маңғыстау облысының Іскер әйелдер кеңесіне мүше жастар қатысты. Бұл өте маңызды үрдіс. Осылайша, жақыныңа қамқор болып қоймай, оны үлгі ету дәстүрге айналуы тиіс. 

Бүгінгі айтулы мерекені Жамбыл облысының Іскер әйелдер кеңесіндегі ханымдар да назардан тыс қалдырмады. Арнайы балалар күніне орай ұйымдастырылған Аdalbolashak  жобасының қорытындысын шығарды. Акцияның шарттары бойынша қатысушылар топқа бірігіп, тұрғын үй ауласын қоқыстан тазартып,  безендіруі керек. Жасалған жұмысты бейне жазбаға түсіріп, хэштегпен белгілеп, әлеуметтік желілерге салу керек болатын.

«Бүгін осы акцияға қатысқан балаларды құттықтадық. Сайысқа қатысып, оның шартын мүлткісіз орындаған 80 балаға  тиесілі сыйлықтарды тарту еттік. Меніңше, бала қашанда үлкеннен көргенін жасайды. Сондықтан да  балаға үлгі болуымыз керек. Яғни, туған жеріңді сүю, оны қорғау, гаждетке үңілмей,  нағыз достыұты сезініп, бір-бірімен араласу, тағыда басқа  игі істерді жасауға үйрету - акцияның басты мақсаты», -  дейді Жамбыл облысының Іскер әйелдер кеңесінің төрайымы Айгүл Ақшалова. 

 

 

Батыс Қазақстан облысының Іскер әйелдер кеңесі бастаған кәсіптегі ханымдар «Арба» қоғамдық бірлесітігіне барып, ерекше балалардың мерекені атап өтуіне бір адамдай атсалысты. Аниматорлар, әртістер шақырып, мерекені  көңілді атап өтті. Әрине, әр балаға тәтті сый-сипат тарту ету өз алдына. 

«Іскер ханымдарға, сондай-ақ жеке Ляна Тұрсынова, Светлана Павлова және Надежда Жарковаға балаларға жасаған қамқорлығы үшін ыстық ықыласымыз бен  алғысымызды білдіреміз. Бұл балалардың асыға күтетін күні! Бүгін өткен іс-шара ұмытылмас сыйлық болды», - дейді «Арба» ҚБ төрайымы Гүлмира Батпақұлова.

 

 

 

Батыс Қазақстан облысының іскер ханымдары  облыстық балалар ауылының тұрақты қамқоршысы. Бүгінгі мейрамға орай балалар ауылында да ерекше мереке ұйымдастырылды. Тасқала Іскер әйелдер кеңесінің мүшелері аудандағы мүмкіндігі шектеулі бала асырап отырған 14 отбасына арнайы барып, сый-сияпатын ұсынды.  Балаларға тәтті сыйлықтар берсе, ата-аналар мен  бала күтімін жасап отырған жақындарына заңгерлік кеңес ұйымдастырды. Ал Іскер әйелдер кеңесінің мүшесі, Отбасылық үлгідегі балалар үйі қамқоршылық кеңесінің төрайымы Людмила Щукина әріптестерімен бірге мүмкіндігі шектеулі 75 балаға сый-сияпат жасады. 

 

 

 

Мереке күні  Солтүстік Қазақстан облысының іскер әйелдері де балаларға ерекше мереке тарту етті.  «Мультимедия журналисті» атты онлайн-байқауға қатысып, жеңімпаз атанған  балаларға сыйлық табыстады. Тағы 100-ден астам оқушы қатысқан «Ұлы жеңіс мұрагерлері» деген ән марафонының жеңімпаздарына құнды сыйлықтар берілді. Сонымен қатар осы күні Мейбукан годзю-рю карате-до спорт түрі бойынша өткен «Үздік үй жұмысы» атты қашықтан өткен өнер байқауының жеңімпаздарын анықтап, жүзден жүйрік атанған балаларға сыйлық берілді. 

 

 

Ал Алматы облысының Еңбекші қазақ ауданының Жергілікті қауымдастықтар қоры, Кәсіпкерлер палатасының филиалы мен Іскер әйелдер кеңесі Шелек, Қорам, Қызықшарық, Қолды, Достық, Қаратұрық пен Ащысай ауылдарындағы 105 отбасыдағы балаларды мерекемен құттықтады. Бақыткүл Елшібаева, Шолпан Қасымбекова мен Бақытгүл Дүйсебекова балаларға қысқы және жазғы киімдер, аяқ киім, жазғы жейде мен күртелер,  және де ойыншық салынған арнайы сыйлық жиынтығын тарту етті.  Іс-шараға қатысқан жас тағылымгерлер де балаларға  тәтті сыйлықтан ала барды. 

Халықаралық балаларды қорғау күні жыл сайын 1 маусымда атап өтіледі. Бұл мерекені 1949 жылы қараша айында Парижде Халықаралық демократиялық әйелдер федерациясы бекіткен. Алғаш рет мереке 1950 жылы атап өтілді.