Тараздың іскер ханымдары еріктілер қозғалысын іске қосты

2020-06-04 08:26:00

Жамбыл облысының Іскер әйелдер кеңесі «Адал болашақ» атты еріктілер қанатын іске қосты.

Еріктілер қозғалысы жастарды өзара көмек көрсету, фандрайзинг және басқа да түрлі іс-шараларға атсалысып, әлеуметтік маңызы бар жобаларды жүзеге асыруға жұмылдыру үшін құрылған. 

Бұл бірлестіктің жұмыс бағыты да ауқымды. Атап айтсақ, «Адал болашақ» еріктілер қозғалысы  балалар мен жасөспірімдер арасында еріктілер жұмысын дәріптеп, егде жастағы кісілерге қолұшын беру, қала мен облыста өтетін қоғамдық іс-шараларға  көпшілікті барынша тарту жұмысын көздейді. 

Одан бөлек, «Адал болашақ» еріктілер қозғалысы жастарды бизнеске баулып, осы істе өзара жұмыс жасамақ.  Жастардың бизнеске бетбұруына Іскер әйелдер кеңесінің мүшелері тағылымгер болмақ. Еріктілерге психологиялық қолдау, оларды ынталандыру курстары ұйымдастырылып, тұрақты түрде тренингтер мен байқаулар өткізіп отыру жоспарда бар. 

Өңір тұрғындары әлеуметтік желі арқылы Іскер әйелдер кеңесінің қайырымдылық жобалары жайлы ақпаратты алып отыратын болады.  Мысалы «Киім сөресі» жобасы арқылы көпбалалы және аз қамтылған отбасылар оңай әрі бір реттік жұмысқа атсалысып, қажетті киімді алуына мүмкіндік жасалмақ. 

 «Бүгін «Адал болашақ» қозғалысының мүшелерімен кездестік. Алға қойған мақсаттарымыз бен міндеттерді айқындадық. Еріктілердің дені 15 пен 20 жас аралығындағы жастар. Қоғамға өз үлесін көрсетуге әзір қайратты жастар.  Биылғы жылды Қазақстан Президенті «Еріктілер жылы» деп атады. Іскер әйелдер кеңесі облыста еріктілер қозғалысын дамытуға осылайша атсалыспақ», - дейді Жамбыл облысы Іскер әйелдер кеңесінің төрайымы Айгүл Ақшалова.