Hand made: бірегей бизнес

2020-06-30 10:11:00

Қолдан жасалған өнімге  жылдан жылға сұраныс артпаса, азайған емес.  Қол еңбегінің бірегей кәсібі нарықта Hand made деп аталуда. Қолдан өнім жасаудан түсер табысты да арттыруға болары анық.

Егер қолдан тоқыма тоқу, сурет салып, түрлі шеберлікпен айналысу сүйікті ісіңіз болса, одан табыс табу жағын ойланар кез дәл қазір арта түскен сыңайлы. Тіпті оны жеке кәсіпке ұластырудың әлеуеті де жетерлік. Қазір пандемия кезінде, карантин шарасы белгіленген тұста қолдан жасалған өнімді интернет арқылы саудаға шығаруыңызға болады.

Ендеше,  «Әйелдер кәсіпкерлігіне арналған 100 бизнес жоба» каталогында жазылған хендмейд тауарларының интернет дүкенін қалай ашуға болатыны жайлы кеңеске тоқталайық.

СҰРАНЫСЫ ҚАШАНДА ЖОҒАРЫ КӘСІП

Қолдан бұйым жасау ежелден келе жатқан кәсіп. Оның қолданылу ауқымы тұрмыста болсын, киім-кешек жасауда болсын қашанда кең. Бұл кәсіп ірі технологиялық процесске әлдеқайда көшкенімен, қолдан жасалған өнім ешқашан бірегейлігін жоғалтпаған. Өйткені сән әлемінің ағынына ілесу қиын, ал қолдан жасалған өнім сол бірегейліліктің көзі.

Сондықтан да кішігірім дизайнерлік брендтерге сұраныс қашанда жоғары. Қолдан жасалған өнімнің басты құндылығы – оның бір ғана данада жасалуы. Өйткені қолдан жасалған бұйым дәл сондай етіп екінші рет қайталанбасы анық. Ал бұл хендмейд өнімдеріне деген сұранысты одан сайын арттыра түсуде. Мысалы, 2019 жылғы сән әлемінің ең үздік 10 затының арасында бамбуктан жасалған қол сөмкесі мен «тасбақа» аксессуары анықталған. Ал мұндай өнімді нарықта сатып алу тіпті мүмкін де емес.

Жаның қалаған істі бизнеске қалай айналдыруға болады? дейтін сауал көп шебердің көкейінде жүргені анық. Ал оны кәсіпке айналдыруда біршама міндеттерді қатар атқару керектігі де тіпті ойландырары сөзсіз. Айталық, өнімді сату жолдарын табу, сауда жүргізу әдісін таңдау, баға белгілеу және өндіріс көлемін арттыру сынды сауал көп.

ХЕНДМЕЙД ӨНІМІНЕ  ЕҢ ҚАЖЕТТІСІ - ЖАРНАМА

Қолдан өнім жасап, оны онлайн дүкенге қою үшін шебердің алтын оймағы аздық етеді. Өйткені он саусағынан өнер тамған шеберде ізденімпаздық, сыни тұрғыдан ойлау, бастамашыл болу, кез келген істің шешімін табу сынды дағдылар аса қажет.

Кез келген шебер алдын ала маркетингтік стратегияны әзірлеуі керек. Ал оны әзірлеу үшін  «Атамекен»  жанындағы Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығынан кеңес алуға болады. Маркетингтік сттратегияда: жарнама орналастыру, әлеуметтік желілерде қауымдастық құру, сайт әзірлеу, landing-page парақшасын ашу, контекстік жарнама жасау, өңірлік БАҚ-та хабарландыру жариялау және т.б. қызметтер қарастырылуы мүмкін.

Интернет дүкеннің басты бәсекелік артықшылықтары жайында да айта кетейік, олар:

·         Үстеме баға белгілеу (қолдан жасаған өнімнің бағасын өзіңіз белгілей аласыз);

·         Үйде отырып кәсіп дөңгелету (кеңсеге барудың қажеті жоқ);

·         Бастапқы қаражаттың түрлілігі (бастапқы капитал жабдық не болмаса жалдау сомасына байланысты болмайды);

·         Бизнес әлеуетінің кеңдігі, яғни сұранысқа қарай дамуы.

Интернет дүкенді ашудағы бастапқы қадам  бизнесіңізді Халыққа қызмет көрсету орталығында тіркеу және рұқсат қағаздарын алу болмақ. Сатылым сәтті жүруі үшін бірегей тауармен қоса,  тұтынушының сатып алуына тиімді баға тізімі болуы қажет. Ал баға белгілеу үшін бәсекелестеріңізге талдау жасап, олардың мықты әрі осал тұсын анықтау керек.

Бизнесті ашуға жеке қаражатыңызды, не болмаса екінші деңгейлі банктер ұсынатын тиімді несие пакеттерін қолдансаңыз болады. Сондай-ақ Еуропалық қайта құру және даму банкі   қаражаты есебінен «Даму» қорынан  әйелдер кәсіпкерлігін қолдауға бағытталған бағдарлама арқылы  несие,не грант алуыңызға болады. 

ТӘУЕКЕЛДІ БАҒАЛАЙЫҚ

Интернет дүкен ашуда да кез келген бизнес түрінде кездесетін тәуекел барын ұмытпаған жөн.  Атап айтсақ:

- бәсекенің жоғары болуы, осы бағытта сайттар мен аккаунттар санының тым көп болуы. Мұндай ортада сіздің ұсынысыңыз байқалмай қалуы әбден мүмкін;

-сайтты ілгерлетуге, тауарды жеткізуге, сайтқа үнемі техникалық қолдау жасауға және т.б.  кетер шығынның артуы;

-интернет сөренің дұрыс безендірілмеуі: мысалы, сапасы төмен фотоның жариялануы, тауар жайлы ақпараттың толық болмауы және т.б. жағдайлар сауда көлемінің төмендеуіне алып келуі әбден ықтимал; 

-сайттағы техникалық ақаулардың салдарынан сатылым көлемінің азаюы;

-әлеуетті тұтынушылар тарапынан жаңадан ашылған интернет дүкендерге деген қызығушылықтың төмен болуы;

-тауарды қолмен ұстап бағалай алмау салдарынан клиент қатарының азаюы. 

Мұның барлығы осы кәсіпке тән тәуекелдер. Дегенмен, егер тәуекелді ескеріп, оның алдын алатын шараларды дер кезінде қолдансаңыз кез келген кері әсердің салдарына жол бермеуге болатынын ұмытпаңыз.

Естеріңізге сала отырайық, «Әйелдер кәсіпкерлігіне арналған 100 бизнес жоба» - іскер ханымдардың бизнестегі белсенділігі мен біліктілігін арттыруға арналған заманауи бизнес түрлері жайында ақпарат ұсынатын жинақ.

Бизнес жобалар жинағы кәсіппен айналысқысы келетін қыз-келіншектердің бастамасын, қолға алған жаңа бизнес түрлерін қолдау үшін әзірленген. Сондай-ақ еліміздің әр өңіріндегі, әсіресе ауылдағы іскер ханымдарды кәсіпкерлікке барынша тарту мақсатында жасалған.

Бұл жинақ Қазақстандағы «БҰҰ-әйелдер» құрылымы және Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің қолдауымен «Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасы әзірлеген.

«Әйелдер кәсіпкерлігіне арналған 100 бизнес жоба» нұсқаулығынан  жеке бизнесіңізді ашуға қажетті ақпарат табатыныңызға сенімдіміз.