ТОРТ ПІСІРУ: ТӘТТІ ХОББИ

2020-07-07 08:53:00

Егер жақындарыңызға үнемі тәтті тағамдар пісіріп,  отбасылық мерекеде дастарханның сәнін келтіру дәстүрге айналса, онда оны кәсіпке айналдыру жағын ойластырған артық болмас. 

 

 

 

Торт пісіру – бала күтімін жасап, үйде отырған келіншектерге де, сондай-ақ тәтті тағам пісіруді жаны сүйетін жандарға да таптырмас бизнес идея.  Сүйікті ісіңізді кәсіпке ұластырудың бірнеше себебін де атап өтейік. 

Біріншіден, торт – кез келген мерекелі дастарханның сәнін келтіретін тағам. Делік оған ұсыныс әрдайым бар екені сөзсіз. Екіншіден, торт пісіру кәсібін үйдегі ас бөлемеңізде отырып-ақ дамытуға болады. Кәсібіңіздің көлемі артқанда, мысалы жеке наубайхана ашу сынды өндірісті кеңейтудің жолын кейін ойластырсаңыз да болады. Ал үшіншіден, торт пісіру – бұл өз алдына  шығармашылық процесс. Сүйікті ісін кәсіпке айналдырғысы келетін қыз-келіншектердің табысын арттырып, жеке кәсіби тұрғыдан өсуіне мүмкіндік берері сөзсіз. 

«Әйелдер кәсіпкерлігіне арналған 100 бизнес жоба» нұсқаулығының авторлары Қазақстанда кулинария тағамдарының нарығы жыл сайын еселеп артып келе жатқанын атап өтіпті. Өзіндік жаңашылдығы бар кулинария орындары көптеп ашылуда, ал әлеуметтік желіде тәтті тағам пісіріп, қызметін  ұсынып жатқандар да жетерлік.  Тәтті тағамға деген сұраныс жыл бойы сақталады, ал бұл тұрақты әрі жоғары  бағаны қалыптастыруға әсер ететін маңызды көрсеткіш.  Ал оны дамыту ең алдымен жеке талантыңыз бен тәжірибеңізге байланысты болмақ.  

 

БҰЛ КӘСІПТІ НЕДЕН БАСТАҒАН ЖӨН? 

 

Ас бөлмеңізде  жақсы пеш пен тұмшапеш болса, ендігі қажеттісі қосымша керек-жарақ және аспаздық ингрединт, яғни қоспалар сатып алу.  

Қамыр илейтін ыдыс-аяққа қоса, миксер және ақуыз араластыратын құрал, кондитер тағамдарын пісіруде қолданылатын қағаз, түрлі қалыпқа салатын ыдыстар, асхана тақтайшалары, силиконнан жасалған қалақшалар, контидерлік шпатель, мастика жасауға арналған құралдар, түрлі бояғыш заттар, кондитерлік тағамға себетін ұнтақтар және т.б. алу керек. Десе де бұл заттарды бірден сатып алудың қажеті жоқ. Ең алдымен өзіңізге аса қажеттісін сатып алып, содан соң қалған керек-жарақты біртіндеп түгіндеуге болады. 

Бизнестің бұл түрін қалай ұйымдастыру керектігін егжей-тегжейлі түсіндіру артық болар. Неге десеңіз? Біріншіден, егер тәтті тағам пісіру бұрыннан бері жеке хоббиіңіз болса, онда бұл кәсіптің қыр-сырын жақсы меңгергеніңіз сөзсіз. Екіншіден, қазір осы бағытта түрлі онлайн курстар мен тәтті тағамның құрамы жайлы интернетте ақпарат мол.  Мұның барлығы кулинарлық біліміңізді шыңдауға таптырмас ақпараттар. 

 

ТӘТТІ БИЗНЕСТІҢ  ҰСЫНЫСЫ ДА «ТӘТТІ» БОЛУЫ КЕРЕК

 

Кәсібіңіздің көлеміне қарамастан ,яғни алғашқы қадамыңызды үйде отырып жасасаңыз да, кішігірім өндіріс ашып бастасаңыз да,  міндетті түрде жарнама жасау тәсілдерін қолдануыңыз керек. Кәсібіңіз жайлы неғұрлым көп адам білсе, өніміңізді сатып алып, бағасын беріп жататын клиенттеріңіз де көп болары анық.  Ал клиент базасының барынша кең болуы  -тапсырыс санының артуына ықпал ететіні сөзсіз. 

Тәжірибе көрсетіп отырғандай, бизнестің осы түрін жарнамалауға «біренен бірі есту» әдісі тиімді, яғни өніміңіз жайлы көңілі толған клиенттің басқа клиентке сіз жайлы айтуы арқылы ақпарат тез таралады. Бизнестің алғашқы кезеңінде дәмді өніміңізді көршілеріңізге аса қымбат емес бағаға ұсынудан бастауыңызға болады.  Көршілеріңіз арқылы хабарласатын  WhatsApp чатта хабарлама таратсаңыз артық етпес. Үй маңында орналасқан дүкен иесімен келісіп, күнделікті сатылымға тауар ұсына алатыныңыз жайлы келіссеңіз де болады. 

 

Өнімді жарнамалаудың тағы да бір ұтымды әдісі – әлеуметтік желіде жарнама жасау.  Егер күнделікті тәтті тағамдарды дайындайтын болсаңыз, Instagram желісіндегі жеке парақшаңызда дайын өнім жайлы ақпаратты, оның бағасы жайлы мәліметте үнемі жариялап отырыңыз. Егер шағын наубайхана,  не болмаса кафе ашсаңыз, әлеуметтік желілерде ресми парақша ашқаныңыз дұрыс болады. Ол парақша бренд атауымен аталуы тиіс, сондай-ақ онлайн  түрінде тапсырыс бере алатын инструменті бар  сайт ашу жағын да ойластырғаныңы жөн. 

 

Торт пісіру кәсібі – мерекелік әрі салтанатты  шаралардың  белгісі іспетті. Сондықтан да әлеуметтік желілерде SMM-ді жүргізгенде  кәсібіңіз жайлы ақпарат та өніміңіз сияқты соншалықты тартымды,  әдемі әрі кәсіби тұрғыдан дұрыс жасалуы аса маңызды.   Кәсібіңіз жайлы визит-карточкаларын әзірлеп қойған да артық болмайды.  Визит карточкаларын таныстарыңызға таратып қойғаныңыз да жөн. Өйткені мереке қарсаңында таныстарыңыз сол ақпаратты қолданатынын ұмытпаңыз. 

 

 

ТӘУЕКЕЛ МЕН ТАБЫС

 

«Әйелдер кәсіпкерлігіне арналған 100 бизнес жоба» нұсқаулығында  бизнесті ашуға қажетті құрал-жабдықтарды сатып алуға кететін шығындар, тағы да басқа шығын көлемі мен ай сайынғы табыс есебі ұсынылған.  Бизнестің бұл түрін ашу үшін қандай құжаттар керегі де аталған.  Ендеше құжат топтамасы жайлы айта отырайық: 

 

 

 Салық төлеудің жеңілдетілген жүйесі белгіленген жеке кәсіпкерлікті тіркеу туралы куәлік;

 Өрт қауіпсізідігі қызметінен берілген рұқсат қағаз;

 Санитарлық-эпидемиологиялық қызметтің рұқсаты;

 Дезинфекция жасауға, қоқыс шығаруға арналған шарт;

 

Үй-жайға қойылар талап:

 Пәтерде қажетті жабдықтардың болуы;

 Шикізат пен дайын өнімді сақтайтын орын 10 шаршы метрден кем болмауы керек;

 Салқын су мен кәріз құбыры болуы тиіс. 

 

Ал әр өнімнің нақты бағасын белгілеу үшін ең алдымен бәсекелестердің бағасын анықтау керек. Бастапқы кезеңде басқалардан бағаны төмен белгілеген жөн, бірақ бұл баға шығыныңыздан төмен болмауы тиіс.   

Бизнестің бұл түрінде қандай тәуекелдер барын да айта кетейік. Көп жағдайда бастапқыда тәжірибе аз, сондықтан да сапасыз шикізат немесе сапасы төмен жабдықтарды сатып алу, технологиялық операцияларды жүргізуде қателіктер жіберу сынды тәуекелдер болып жатады.  Сондықтан да бұл тәуекелдерді алын алу аса маңызды. 

Бизнесті ашуға жеке қаражатыңыздан бөлек екінші деңгейлі банктер ұсынатын тиімді несие пакеттерін қолдансаңыз болады. Сондай-ақ Еуропалық қайта құру және даму банкі   қаражаты есебінен «Даму» қорнан  әйелдер кәсіпкерлігін қолдауға бағытталған бағдарлама арқылы  несие алуыңызға болады. 

«Әйелдер кәсіпкерлігіне арналған 100 бизнес жоба» нұсқаулығында  ұсынылған 100 бизнес жобадан  жеке бизнесіңізді ашуға қажетті ақпарат табатыныңызға сенімдіміз.