Шығыс Қазақстан облысының іскер ханымдары пандемия кезінде бизнеске кеңес беруде

2020-08-11 10:42:00

«Атамекен» ҚР ҰКП Шығыс Қазақстан облысындағы Іскер әйелдер кеңесі қалалар мен аудандардағы кәсіпкерлерге консультациялық-әдіснамалық кеңес беру ісін жүргізуде.

Бұл жолы Іскер әйелдер кеңесінің мүшелері Семей мен Риддер қалалары,  Глубокое және Бородулиха аудандарындағы жобаларды аралап шықты. Атап айтсақ, «Дельфин» балабақшасы, қалдықтарды жинау және өңдеумен айналысатын «Эталон» компаниясы, құрылыс материалдарын шығаратын «Таймур» кәсіпорны мен қалалық екі дәріханаға ат басын тіреді.

Еске сала кетейік, Шығыс Қазақстан облысындағы Іскер әйелдер кеңесі биылдан бастап жобалық кеңсе түрінде қызмет етуде. Жобалық кеңсе жұмысына сарапшы-заңгерлер, қоғам белсенділері және мемлекеттік органдардың мүшелері атсалысуда. Іскер әйелдер кеңесі облыстық Кәсіпкерлік басқармасы, «Даму» қоры, екінші деңгейлі банк өкілдерімен де тығыз аралас-құраласта. Сондай-ақ бұл жұмысқа жергілікті қала және аудан әкімдіктері де араласуда. Бұл өзара байланыс көптеген мәселені алысқа бармай-ақ жергілікті жерде шешуге мүмкіндік жасап отырғаны сөзсіз. 

Кәсіп дөңгелетіп отырған ханымдар ғана емес, бизнестегі басқа да азаматтар  көптен бергі түйіткілін айтып жатыр. Мысалы, балабақша иегерлері қазіргі карантин кезінде туындаған мәселелер жайында алаңдаулы екенін айтқан. 

 

«Мектепке дейінгі дайындық жасайтын мекемелер 18 тамыздан бастап бала қабылдауға дайын отыр. Бірақ карантин шараларының нақты алынатын күні белгіленбеген соң, сақтық құралдарын сатып алуға, мекеме орнын дайындауға кетер шығынды алдын ала жоспарлай алмауда.  Онсызда шығын көрген бизнестің нақты алда қандай қадам жасарын біле алмауы алаңдатады. Мұндай жағдайда іскер ханымдарға тәуекел менеджментінің элементтерін қолдануға кеңес бердік. Әрі қарай қажетті көмекті ұсынатын боламыз», - деп атап өтті Шығыс Қазақстан облысы Іскер әйелдер кеңесінің төрайымы Елена Березинская-Әбілова. 

Осыған ұқсас мәселелер қалалық дәріханаларда да бар екен. Олар да қызу түсіретін дәрі-дәрмек пен қызу өлшейтін құралдардың көлемін анықтай алмай отырғанын айтуда.  Десе де осыған дейін дәріханаларда медициналық маска тапшы болса, бүгінде медициналық бетперденің сан түрі барын айтып отыр. Сондай-ақ медициналық масканың сатылымы артқанын жасырмады.

Қалдықтарды жинау және өңдеумен айналысатын «Эталон» компаниясы Ресейге шығаратын шикізат экспорты қиындап отырғанын айтуда. Дәл осындай мәселе «Таймур» кәсіпорнына қатысты болып отыр. Бұл кәсіпорын заманауи үлгіде жеңіл кірпіш өндірісімен айналысады, ал карантинге байланысты өз өнімін тек әлеуметтік желі арқылы сатылымға шығаруға мәжбүр. Бірақ интернеттің әлсіздігі  сатылымға да, маркетингке де  қолбайлау екен. 

«Басты түйіткілдің бірі - бизнестің несе алуына байланысты болып отыр. Егер облыс орталығында кәсіпкер кезекке тұрып, банкке хабарласа алса, ал аудандарда банкке құжат тапсыру жағы қиын. Банк өкілдерімен бірлесе отырып, бұл мәселені шешуге тырысып жатырмыз», - дейді Елена Березинская-Әбілова.

Шығыс Қазақстан облысындағы Іскер әйелдер кеңесі мүшелерінің айтуынша, жобалық кеңсе аясындағы барлық іссапарда санитарлық-эпидемиологиялық талаптар қатаң сақталуда. Іскер ханымдардың мәселелерін шешуге «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының өңірлік филиалдарының сарапшылары қолдау танытуда.  Ең ұтымды деп танылған бизнес кейстер Шығыс Қазақстан облысының басқа қалалары мен аудандарында да қолдану үшін жинақталып жатқанын  жобалық кеңсе мүшелері  айтып отыр.