Ақтөбеде үлкен қайырымдылық балы өтті

2018-12-21 13:31:00

Ақтөбеде көмекке мұқтаж мүгедек жандар және мүмкіндігі шектеулі балалар ата-аналарының кәсіпкерлік бастамаларын қолдауға арналған қайырымдылық балы өтті. Іс-шара Ақтөбе облысы «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының Іскер әйелдер кеңесінің бастамасымен және Ақтөбе қаласы әкімдігінің қолдауымен ұйымдастырылды. Қайырымдылық шарасына қатысатын жобалар Ақтөбе қаласының Сал ауруына шалдыққан азаматтарды қолдау қорымен мақұлданды.

Қайырымдылық шарасына мемлекеттік органдардың, бизнестің, МЕҰ, БАҚ өкілдері мен депутаттар қатысты. Кешке облыс әкімі Бердібек Сапарбаев пен  қала әкімі Ілияс Испанов және облыста жұмыс сапарымен болған Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Алик Шпекбаев қонақ ретінде қатысып, жоба туралы оң пікірлерін айтты.

Түскен қаржы көмекке мұқтаж мүгедек жандардың және мүмкіндігі шектеулі балалардың ата-аналарының кәсіпкерлік бастамаларын қолдауға жұмсалады. Бал басталмас бұрын демеушілердің көмегімен бір жарым миллион теңге көлемінде қаражат жиналды.

Аймақ басшысы Бердібек Сапарбаев көз жанары бұзылған мүгедек Сергей Остовскийге 500 мың теңгенің ақшалай сертификатын табыс етті. Ол «Даму-Көмек» бағдарламасы арқылы компьютерлер мен кеңсе жиһаздарын алып, зағип және көру қабілеті нашар адамдарды компьютерлік сауаттылыққа үйрету класын ашты.  Алайда, ол ғимарат орнын өз жәрдемақысы есебінен жалдап отыр. ӨКП Іскер әйелдер кеңесі Сергей Островскийдің мемлекеттік сатып алулар мен конкурстарға қатысуы үшін құқықтық мәртебе алып, қоғамдық бірлестік құруына қолдау жасамақ. Қазіргі уақытта Сергейге ғимаратты жалға алу құнын өтеуге және кеңсе жабдықтарын сатып алуға қаржы қажет.

Балда Іскер әйелдер кеңесінің мүшелері арнайы дайындаған концерттік бағдарлама қойылып, облыстық филармонияның өнерпаздары, балалар би ұжымдары және отандық жұлдыздар өнер көрсетті.

Атап өтсек, іс-шара ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасының бастамасымен жүзеге асырылған «Атамекенім» акциясы аясында ұйымдастырылды.