Іскер әйелдер жеңісінің хит-шеруі. Тараздың ІӘК жыл қорытындысын шығарды

2019-12-25 14:15:00

 

Жамбыл облысының іскер әйелдері 2020 жылы құрақ құрау фестивалін ұйымдастырады.  Жоспарланған іс-шараға отандық қолөнершілер ғана  емес, Біріккен Араб Әмірліктерінің өкілдері де қызығушылық танытып отыр.

Өңірлік Іскер әйелдер кеңесі жұмысының жоспары мен нәтижелері туралы Айгүл Ақшалованың төрағалығымен өткен биылғы қорытынды отырыста сөз қозғалды. Бұл жолы қорытынды әдеттегідей стандартты форматта шығарылған жоқ: әр қатысушының қосқан үлесі рейтингтік жүйе мен номинация бойынша анықталды.

 Мысалы, "Куратор" номинациясы бойынша өңірлік Жеңіл өнеркәсіп қауымдастығының төрайымы Бақыт Тоқтыбаева белсенділігімен көзге түсті. Ол бір жыл бойы әріптестерімен бірге ауыл кәсіпкерлері арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізді, бизнесті қолдаудың мемлекеттік бағдарламаларына,  "AltynOimaq" ұлттық киім дизайнерлері байқауына қатысуға көмектесті, қаржы институттары өткізген тегін семинарларға қатысуға себепші болды.

Айгүл Ақшалованың айтуынша, кеңестің әр өкіліне Жабыл облысы бойынша бір аудан бекітіліп, жыл бойы белсенді жұмыс жүргізілді. Жекелеген жағдайларда кеңес тарапынан болған көмектің арқасында мүлдем күтпеген нәтижелерге қол жеткізілді.

"Мысалы, оқыту семинарларының бірінен кейін бұрын саудамен айналысып жүрген әйел SMM-ны игеріп, ұлттық стильде киім тігуді ұйымдастырып, өз бұйымдарын жаппай жарнамалай бастаған. Ол менен модельдердің бірі ретінде өнер көрсетуімді сұрады. Іскер әйелдер конгресінде  мен ұлттық өрнектері бар кеудешені киіп шықтым, ол Эмираттан келген өкілдердің қызығушылығын тудырды. Нәтижесінде біз шебердің талантын бүкіл елге ғана емес, бүкіл әлемге таныттық. Бұдан басқа, шетелдік өкілдер енді біздің өңірде көп балалы аналарға арналған жаңа оқыту жобасын қаржыландыруға ниет білдіріп отыр. Олар тігін ісіне оқытылады, ал грант ретінде тігін машиналарына ие болады. Біздің іскер әйелдер кеңесі бұл істе ұйымдастырушылық қолдау көрсетеді", - деді Айгүл Ақшалова.

Жыл қорытындысындағы басты жобаның бірі ретінде өңірлік ІӘК өңірдің танымал кәсіпкерлерін - тәлімгерлерді тартуға бастамашылық жасалған жобаны атайды. Бұл жерде қатысушылар тек іскер әйелдер ғана емес, ер азаматтар да атсалысты. Тәлімгерлер 10 старперді қанатының астына алып, оларға қаржылай емес қолдау көрсетті: кәсіби кеңес беру мен бизнес-жоспар құрудан, жаңа клиенттерді іздестіруге дейін. Нәтижесінде тартымды деген 7 жоба іске асырылды.

 

"Сортаң топырақты байыту жобасы ерекше есте қалды, оның табысты болуы басқа өңірлердегі кәсіпорындарға дейін шығуға мүмкіндік берді. Сонымен қатар балаларға арналған дамытатын ойыншық жасау жобасы өте қызықты болды. Шын мәнінде, әрбір жаңа бизнес-бұл біздің Кеңес мүшелерінің үлесі, жобалар солардың күш-жігерінің арқасында іске асырылып жатыр. Осы тұрғыдын алғанда мақтануға тұрарлықтай жұмыс атқардық", - дейді Айгүл Ақшалова.

 

Рейтингке қатысушы ІӘК мүшелерін қол жеткізген жетістіктері үшін Кеңестің символикасы бар естелік кәдесыйлармен марапаттады. Келесі жылы бірлестік алдында жаңа міндеттер тұр, оның ішінде іскер әйелдердің екінші өңірлік Форумын өткізу. Форум барысында олар үкіметтік емес ұйымдардың күш-жігерін халықаралық сарапшылармен және даму институттарымен біріктіруге тырысады.

 

Сондай-ақ, 2020 жылы Ұлттық құрақ құраудың ауқымды фестивалін өткізу жоспарланып отыр. ІӘК төрайымының айтуынша, оған отандық қолөнершілер ғана емес, сонымен қатар БАӘ өкілдері де белсенді қызығушылық танытып отыр.